Ұлттық педагогтің үздіксіз кәсіби даму платформасы «Ұстаз» арқылы «педагог-модератор» және «педагог-эксперт» санаттарына аттестаттаудан өтуге болады.
«Педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» санаттарына, сондай-ақ басшылар мен олардың орынбасарларының біліктілік санаттарына өтініштерді электрондық үкімет порталы арқылы қабылдайды.
Қандай құжаттар қажет
Аттестаттаудан өту үшін өтініш, білім туралы диплом (мәліметтер мемлекеттік жүйелерде болмаса), қайта даярлау курстары туралы құжат (болған жағдайда), еңбек қызметін растайтын құжат (цифрлық жүйелерде болмаса), біліктілікті арттыру туралы сертификат, бұрын берілген санат туралы құжаттар, педагогтің кәсіби жетістіктері мен оқушылардың жетістіктері туралы материалдар, сондай-ақ көлемі 250–300 сөзден тұратын эссе тапсыру қажет.
Жеке басын куәландыратын құжат, білім және еңбек қызметі туралы мәліметтер электрондық үкімет шлюзі арқылы автоматты түрде сұратылады.
«Педагог-модератор» және «педагог-эксперт» санаттарына үміткерлердің құжаттары тікелей «Ұстаз» платформасында қалыптастырылады.
Мерзімдер және деректерді сақтау
Білімді бағалаудан (ОЗП) өткен педагогтердің цифрлық деректер базасы бес жыл сақталады. Аттестаттау бұрынғыдай оқу жылында бір рет өткізіледі. Өтініштер уәкілетті орган белгілеген мерзімде қабылданады, ал нәтижелерді аналитикалық қорыту қаңтардан тамызға дейін жүргізіледі.
Жаңа нормалар 2026 жылғы 21 шілдеде күшіне енеді.