Қазақстанның «Көкшетау» ұлттық паркі. Қазақстанның «Көкшетау» ұлттық паркі Ақмола облысының Зеренді ауданында және Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан. Оның жалпы ауданы 134511 га. 2005 жылы құрылған. Қазақтың ұсақ шоқысының солтүстік-батыс бөлігінде парк бірқатар аласа тау массивтерін алып жатыр. Зеренді тауларының ең биік нүктесі 588 м, Имантау таулары 661 м, Айыртау — 523 м және Сарымбет массиві теңіз деңгейінен 409 м. «Көкшетау» ұлттық паркінің аумағында және оның төңірегінде көркем көлдер көп: Зеренді, Имантау, Шалқар және т.б. Негізгі өзендер — Терісбұтақ, Шағалалы, Жабай, Бабықбұрлық. Парк аумағында республикалық маңызы бар табиғат ескерткіштері бар: «Таңқурай мүйісі», «Имантау көлінің аралы», «Жасыл мүйіс», «Пожарная» шоқысы және басқалары.
Сырымбет ауылында XIX ғасырдағы ағаш сәулет өнерінің ескерткіші ретінде ұлы ғалым-ағартушы Шоқан Уәлихановтың отбасы үй-жайы қайта жаңғыртылған. «Көкшетау» паркінің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі әртүрлі дәуірлер мен ендіктер флорасы мен фаунасы өкілдерінің сирек қатар тіршілік етуін көрсетеді. Орман фаунасында өсімдіктің 800 түрі бар.
жоғарыдан көрініс
Негізгі ағаш түрі — қарағай, қайың (бұдырлы және мамықты) мен көктерек кездеседі. Бұталардан мынадай түрлер кездеседі: арша, ырғай, итмұрын, долана, тал, таңқурай мен қарақат. Мұнда солтүстіктің реликт өсімдіктері де кездеседі — қырықжапырақтар, жалбызгүлдер, солтүстік линнеясы, жорғалаушы гудайера, еуропалық жетіқарақат және т.б. Қызыл кітаптағылардың ішінде кеңінен таралғаны: ірі гүлді шибөтелке, домалақ жапырақты шықшөп, шатырлы қысжапырақ пен Фукс орхидеясы. Мұнда Қазақстанда өте сирек кездесетін плаундар — шоқпарбас және екіжүзді плаун, сондай-ақ өңір үшін сирек — тасты қарақат, алтай үшқаты, мойыл, шетен, сібір құртқашашы, үшжапырақты су жоңышқасы, тарлапырақты мамықшөп және т.б. кездеседі.
«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің фаунасы сүтқоректілердің 51 түрімен, құстардың 224 түрімен, бауырымен жорғалаушылардың 5 түрімен, қосмекенділердің 1 түрімен, балықтың 19 түрімен ұсынылған. Мұнда сібір елігі, бұлан, қабан мекендейді. Жыртқыштардан: қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, ақкіс, ақкүзен, дала күзені кездеседі. Кеміргіштерден көбінесе телеут тиіні, ұзынтұмсық саршұнақ, үлкен қосаяқ, кәдімгі атжалман, тоқалтістер, тышқандар, егеуқұйрықтар кездеседі. Бұл жерлерде кәдімгі және ұзынқұлақ кірпілер, жертесерлер, жарқанаттар әдеттегі. Қызыл кітаптағылардан орман сусарын көруге болады. Құстардан көбінесе мынадай түрлер кездеседі: шауқарға, сауысқан, сұр қарға, дала торғайы, кәдімгі күйкентай. Жыртқыш құстардан паркке күйкентай, ителгі, ылашын, қара самырық, кәдімгі тұйғын тән. Орманда тоқылдақтарды, шыбыншыларды, шымшықты, көкекті, сарықасты, құрды көруге болады. Көлдерде үйрек, қаз, аққу, сұқсыр әдеттегі, ал олардың жағалауларында — құтандар, шалшықшылар, шақшақайлар. «Қызыл кітаптағы» түрлерден бүркіт, қарақұс, ителгі, үкі, сұр тырна кездеседі. Бауырымен жорғалаушылардан: кесірткелер, өрнекті жыланқұйрық, кәдімгі және дала сұржыландары, кәдімгі су жыланы; қосмекенділерден — жасыл құрбақа, шөп және үшкіртұмсық бақалар тұрады. Балықтардан мөңке, шортан, алабұға, табан, көктыран, оңғақ, нәлім кездеседі.