Келіссөздер барысында тараптар цифрландыру және жасанды интеллектті енгізуді ескере отырып, телекоммуникация нарығының дамуын қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев VEON-ның Қазақстандағы көпжылдық жұмысын және компанияның телекоммуникациялық және цифрлық инфрақұрылымға қосқан үлесін атап өтті. Ол трансформацияның жаңа кезеңінде жасанды интеллект экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күшіне айналатынын баса айтты.
Президент VEON компаниясына заманауи есептеу қуаттарын салу және бұлттық қызметтерді дамыту бойынша белсенді ынтымақтасуды ұсынды.
Мұхтерем Каан Терзиоғлы озық технологияларды енгізу және халықтың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту жоспарлары туралы айтты. Алдағы үш жылда компания бизнестің ауқымын екі есеге арттырып, Қазақстан экономикасына тағы бір миллиард доллар инвестициялауды көздеп отыр.
Инвестор «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасына қатысуға қызығушылық танытты. Beeline Kazakhstan Астанада деректерді өңдеу орталығын салу мүмкіндігін қарастыруда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауға және серіктестік қатынастарды дамытуға дайын екенін растады.